Аралтөбе қорғаны. Б.д.д.ІІ-І ғ.ғ.

<b>Нысанның мәртебесі</b>
Нысанның мәртебесіЖергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші

Географиялық орналасқан орны: Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан шығысқа қарай 70 км, Ақмешіт қорымынан оңтүстік-батысқа қарай 6 км.

Координаттары: N 47°07'18.0" E 54°42'59.1"

Сипаттамасы: Аралтөбе обалар тобы ерте темір дәуіріне жатады. 1999 жылы мұнда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, үш оба ашылды. 

Бастапқыда негізгі обаның биіктігі 2 метр және диаметрі шамамен 40 метр болатын дөңгелек тас құрылым түрінде болды. Обаның дөңгелек пішінде болуы күн құдайына табынатын халықтардың мәдениетіне тән, оны оба ортасында күшті жанған заттардың іздері бар ошақтың болуымен дәлелденеді. Обаға кіретін жағы солтүстік бетінде орналасқан. Жерлеу камерасы ішінен жұқа тіректермен бекітілген және қамыс төсеніштерімен қапталған.

Ғалымдар бірінші обадан сармат көсемі мен әйелдің сүйектері қаңқаларын, қанжардың сынған қалдықтарын, жүзден астам жебесі бар қорамсалды, екі жылқының, қыран мен иттің сүйектерін, ал екінші обадан қол өнер бұйымдарын: саз құмыра, шыны моншақ, темір қылыш және т. б. тапты. Бәрі алтынмен қапталған ер адамның киімі, шашқа тағатын шашбау, қару – жарақ, самұрық құсы бейнеленген таяқ табылды. Жерлеу ғұрпы-дәстүрі бойынша жерленгендердің жоғары мәртебелі, ерекше құрметті адам екендігін көруімізге болады, оны бай салтанатты киімі және бұйымдары айғақтайды. Мұнда жүздеген алтын фигуралы жапсырмалар табылды. Табылған археологиялық жәдігерлерді ғалымдар б.з.д. 129 жылға жатқызады.

Табылған фрагменттер бойынша өткен кезеңнің көрнісін қалпына келтіруге болады, соның ішінде сармат көсемінің сүйек қаңқасы қалдықтары негізінде қайта қалпына келтірілді. Көсемнің бас сүйегін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен РҒА Мәскеудегі Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының мамандары айналысты. Қайта қалпына келтірілген сармат жауынгерін "Алтын адам" деп атады.

Аралтөбедегі археологиялық жұмыстарына белгілі ғалым З.С. Самашев жетекшілік жасады, ал сармат жауынгерін қайта қалпына жұмыстарын қазақстандық реставратор Қ. Алтынбеков пен мәскеулік антрополог Е. Веселовская жүргізді.

Әдебиеттер:

1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.146-148;202-203;

2. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Жылыой Мақат аудандары. Т.III. - Атырау, 2013.-208-209 бет.

Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ

Біздің желіміз...

  

Сайт мәзірі