"Тас кешу" керуен-сарайы. XIII-XVIII ғғ.

<b>Нысанның мәртебесі</b>
Нысанның мәртебесіЖергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші

Географиялық орналасқан орны: Мақат ауданы, Мақат кентінен шығысқа қарай 38 км.

Координаттары: N 47°37'28.1" E 53°50'16.1"

Сипаттамасы: Керуен-сарай сауда керуендері мен саяхатшылар қонып демалатын орын болды.

Кешен 55х55 метр аумақты алып жатыр, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, оның орталық бөлігінде қонақ үй, асхана, монша болған. Бұрыштарында мұнаралар орнатылған, олар керуендер үшін шырақ ретінде қызмет еткен. Ескерткіштің аумағы 0,2 гектар жерді алып жатыр. Қорғалатын аймақтың жалпы ауданы 35,8 гектарды құрайды, оның ішінде: қорғау аймағының ауданы – 15,9 гектар, құрылыс салуды реттеу аймағының ауданы – 19,9 гектар.

Керуен-сарай туралы алғашқы деректер ХІХ ғасырдың басында жарық көрген А.И.Левшиннің "Қырғыз-казак немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы" атты еңбегінде кездеседі. Еңбектің қырғыз-казак даласы арқылы өтетін басты жолдар туралы тарауында Таскешу керуен-сарайы туралы мәліметтер келтірілген: "Сарайшық бекінісінен ежелгі Үргеніштің қалдықты орнына апаратын ежелгі Ноғай жолымен көптеген қираған үйінділер кездеседі, соның бірі – Ұзынтам. Ол Сағыз өзенінің сол жағында орналасқан, сол арқылы осы жерде тас көпір немесе бөгет салынған. Одан қалған тастан қашалған плиталар әлі де кездеседі. Халық арасында бұл Шыңғыс ханның ұлдарының бірінің бұйрығымен жасалған дегенді айтады".

ХХ ғасырдың басында А.П. Чулошников былай деп жазады: «...Бұрын Жайық өзенінің төменгі ағысында жатқан Сарайшық қаласы ерекше көзге түсетін еді... Ал ХIV ғасырдың басынан бастап Еуропадан Азияға осы жаңа сауда жолы өзінің толық дамуына жеткен кезде, Сағызда, Ембіде және тіпті сусыз Үстіртте, басқа да жерлерде неғұрлым нығайған отырықшы қоныстар пайда бола бастады. Олардың ішінде керуендердің осы өзен арқылы өтуін қамтамасыз ету үшін салынған Таскешу бекінісі ерекше назар аударуға тұрарлық».

Тас кешу керуен-сарайын алғаш рет Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы барлау маршруты кезінде 1950 жылы зерттеді. Экспедиция жетекшісі С.П. Толстов өз есебіндегі алдын-ала берген зерттеулер бойынша: "Жасақ Гурьев қаласы маңындағы Орал өзенінен өтіп, Доссор арқылы Белеулі құдықтар маңындағы орналасқан зиратты зерттеп, одан көптеген көркем орындалған құлпытастар табылды.

Керуен-сарай ірі күйдірілген кірпіштен қаланған. Мөлшері 42х45 м болатын ғимарат тік төртбұрыш түрінде тұрғызылған, қасында қабырғалар бойымен ішкі аула салынған. Ғимараттың ауласы мен солтүстік бөлігінде шурфтар салынды; шығыс бөлігінде тазарту жұмыстары жүргізілді. Шамамен қалыңдығы 2,5 м болатын мәдени қабатта күйдірілген кірпіштер, ерте ортағасырлық қыш қалдықтары мен жануарлардың сынған сүйектерін кездестіруге болды. ...Ғимараты айналасындағы такырлардан боялған және боялмаған алтынорда кезеңінің қыш қалдықтары жиналды".

Тарихшылар керуен-сарай бастапқыда ерекше маңызы болған деп есептейді, өйткені Ұлы Жібек жолы бойымен Хорезм мен Еділ арасын Сағыз өзені арқылы кесіп өткен керуеншілер дәл осы жерде демалуға тоқтаған.

Бүгінгі таңда Тас кешу керуен-сарайы төртбұрышты болып келетін алаң. Қазба жұмыстары кезінде мұнда сынған ыдыс-аяқ, құмыралар, суды көтеруге арналған қарапайым құрылымның қалдықтары, қазанның сынған бөліктері, моншақтар, жануарлардың сүйектерінен жасалған құралдар табылды.

Әдебиеттер:

1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.189-190;

2. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. - Алма-Ата, 1996;

3. Очерки по истории казак-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских племен. / под ред. А.П.Чулошникова.- Оренбург, 1924;

4. Хорезмская археолого-этнографическая экспедиция Академии наук в1950 г. - Советская археология. М.,1953 г. т. XVIII.;

5. Касенов М. Отчет об археологических исследованиях. 2008-2014 гг. – Атырау;

6. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы. Жылыой, Мақат аудандары. – Алматы, 2013 –б. 250-255.

Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ

Біздің желіміз...

  

Сайт мәзірі